Қарттарым асыл қазынам

Қарттар және мүгедектер үйіне арналған қайырылымдық акциясы

Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ақпараттық  білім беру орталығының белсенді оқырмандары  мен тәрбие және әлеуметтік істер бөлімінің мамандарының ұйымдастыруымен қарттар мен ерекше жандарға арналған қайырымдылық акция іс-шарасы  өтті. Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Ал, даналықтың алтын кілті – ата-бабамыз. Бұл – ата жолын жалғап келе жатқан асқақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің келіп жеткен мерекесі. Осы өмір жолында барлығымызға қатысы бар мерейлі шақ. 1-қазан күні біз ел болып Қарттар күні мейрамын тойлаймыз. Асылы, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан қасиет-салтымыз. Қарттары бар ел – қазыналы ел. Ендеше, көпті көрген асыл қарттарымыз бақытты күн кешіп, қай кезде де халқына – сүйеу, жұртына қамқор боп, жүздерінен қуаныш пен күлкі кетпей, балалары мен немерелерінің қызығып көріп, аман-сау күн кешкей.Ал біз қолымыздағы алтынымыздың, еш байлыққа тең келмейтін асылдарымыздың қадірін біліп, олардың барына шүкіршілік етейік. «Атасыз үй – батасыз, ал анасыз үй – панасыз» дейді қазақ. Осы күйге түсуден сақтасын бізді! 

     Қайырымдылық акцияның мақсаты: Білім алушыларға адамгершілік түрғысынан берілетін тәрбиені жетілдіру, ата-ана рөлін, басты құндылығын түсіндіру, отансүйгіштікке,  ұйымшылдыққа, ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелеу.

2023 жылдың 11 қараша күні Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің білім алушылары  мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының арнайы мамандары  ТОЖ қарттар үйінде   концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қарттарға арнайы сыйлықтар табысталды. Жиында алғашқы болып сөз алған мекеменің басшысы Шырынбекова Шарбат Оразалиевна болды. Мекеме басшысы бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып, оқу ордамыздың басшылығына осындай бастама үшін және студенттердің қайырымдылыққа деген ынталарына разылығын білдірді.Сондай-ақ қарттар үйінің бүгінгі жағдайы жайлы аз-кем мәлімет берілді. Концерттік бағдарлама бір сағатқа созылды. Студеттеріміз түрлі ән, күй, би арқылы  өз өнерлерін ортаға салды. Бірінші курс білім алушылары Дайрбек Ерғанат пен Олжабай Амир «Қастерлі алашымның» әнін орындап, көрерменді бір марқайтса, музыкалық білім мамандығының 2 курс студенті Мелдеш Перизат домбырасын алып, күй орындады.

Ән мен күй көңілдерді ашады,

Сіздерді алда талай қызық тосады,

Ал қазір, ардақтылар, сіздер үшін,

Бишілер өнерлерін шашады

Таншолпан би ансамбль ортада деп жүргізушіміз мың бұралған бишілерді ортаға шақырды. Сондай-ақ Бегейқызы Ақмоншақтын орындауында «Мама» әні шырқалды. Жастарымыз көңілді қойылымдар қоюды да ұмытпады. Соңында әкелген сыйлықтарын табыстап, қарттарымыздың разылығы мен ақ батасын алды. Кеш соңы жаппай биге ұласты.

Бұл іс-шара сөзсіз жастарымыздың жүрегінде қайырымдылыққа, кітап оқуға деген ынтасын аша түсті. Әрбір қартымыз-асыл қазынамыз біздің аялы алақанымызда болсын деген ізгі тілекпен қоштасты. Және де бұл акция болашақта өз жалғасын табатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған